Yenlik — музыкадан да қатты естілетін шынайылықтың үні. Бұл сұқбатта өнерпаз еркіндігі, ішкі сезімдері мен күмәні туралы айтып берді. Сондай-ақ неге ол өзін «дала жауынгері» емес, ең қарапайым адаммын деп санайтынын түсіндіріп береді.
Фото: АРУЖАН ӘЙТЕНОВА ARUZHAN AITENOVA
Стиль: МЕРУЕРТ ҚАНАЙБЕК NERUYERT KANAYBEK
Арт-дирекшн: ЛАРИСА АЗАНОВА LARISSA AZANOVA
Интервью: РУС БИКЕТОВ RUS BIKETOV ГҮЛДАНА МҰҚАН GULDANA MUKAN
Қазақ музыка кеңістігінде өзіндік стилімен, шынайылығымен даралатын әртіс сирек кездеседі. Әсіресе индустрияның талабына икемделмей-ақ, тыңдарманға ұнау үшін жасандылық танытпай ақ, өзіндік болмысымен ерешеленіп жатады. Yenlik – дәл осындай заманауи жаңа толқын музыканты.
Биыл Yenlik үшін сәтті жыл болғаны сөзсіз. Қыркүйекте өнерпаздың алғашқы альбомы BIPL жарық көріп, бірден музыкалық чарттардың көшінен табылды. Үнтаспаға 11 трек енген, оның ішінде марқұм Darkhan Juzz және AI’Nasr-мен жасалған коллаборациялар бар. Ал күзде әншінің ең бірінші ауқымды жеке концерті өтті. Осы оқиғалар оның шығармашылығындағы жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді — біз дәл сол кезең туралы сұқбаттастық.
Бұл жыл сіз үшін ерекше болды: қыркүйекте дебюттік альбомыңыз BIPL жарық көрді, қарашада алғашқы жеке концертіңіз өтті. Осы маңызды белестерден кейін өзіңізді қалай сезіндіңіз? Барлық ойлаған жоспарларыңыз жүзеге асты ма?
Иә, бәрі ойдағыдай өтті. Жоспарлаған дүниелеріміздің барлығын орындағанымызға қуаныштымын. Әрине, өзіме көңілім толмайтын тұстар да болды, бірақ соған қарамастан командамыздың еңбегіне ризамын. Атқарылған жұмысқа көңілім тоқ.
BIPL альбомы – өмір, күрес және қабылдау тақырыптарын біріктірген 11 тректен құралған. Көптеген тыңдарман сізді «Даладағы жауынгер әйел» бейнесінде көреді. Ал сіз өзіңізді қалай сезінесің? Бұл теңеуге келісесіз бе?
Өзімді тыңдарман елестеткендей ерекше кейіпте көрмеймін. Мен тек шынайы сезімдеріммен бөліскім келеді. Себебі мен де тыңдарманым сияқты қарапайым адаммын: мендегі ішкі толғаныс, уайым, сезімдер олардың жүрегіне де жақын. Сол себепті шығар әндерім оларды әсерлендіретіні.
Альбомдағы басты тректі таңдау құқығын тыңдарманға қалдырдыңыз. Бірақ өзіңіз жеке мойындайтын ән бар ма?
Иә, мүмкін «MEILI» шығар. Себебі ол Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де танылып, кең тарап кетті. Сол үшін бұл трек мен үшін ерекше әрі сәтті шыққан жұмыс деп есептеймін.
BIPL альбомында 2022 жылы басталған Darkhan Juzz-пен жазған ортақ жұмысыңыз өңделіп, жарық көрді. Сіз бұл коллаборацияны «шығармашылық жолдың символы» деп атапсыз. Неліктен?
Darkhan Juzz-ды алғаш тыңдаған кезден бастап құрметтеп өсіп келеміз. Ол қазақ музыкасына жаңа тыныс, жаңа жанр алып келді. Қазақ тілінде сапалы әуен жасаудың үлгісін көрсетті. Оның шығармашылығы менің де, басқа көптеген әртістердің де музыкасына көп әсер етті. Сол себепті бұл трек біз үшін тарихи сәт сияқты.
Сіздің музыкаңыз тілден бұрын эмоциямен әсер етеді. Қазақ тілін білмейтіндер де әндеріңізді жүрекпен қабылдайды. Бұл жайлы не ойлайсыз?
Толық келісемін. Мен үшін ең маңыздысы – сезімді жеткізу. Ішімдегі толғаныс, уайым, қуаныш – бәрі әуенге айналып, тыңдарманға сезім күйінде жетеді. Мағына сонан кейін өз орнын табады.
Боралдайда дүниеге келіп, еңбек жолыңызды ағылшын тілінің мұғалімі болудан бастадыңыз. Мектептен студияға дейінгі бұл жол сіздің дүниетанымыңызға қалай әсер етті?
Өте қатты әсер етті. Бұл – өмір мектебі болды. Мұғалімдік маған шығармашылық еркіндік берді, түрлі адамдармен жұмыс істеп, өзімді танып, өмірге деген көзқарасымды қалыптастырдым. Қазіргі тұлғамның қалыптасуына үлкен ықпал етті.
Шығармашылық жолда күмән, өзгеріс, өсу кезеңдерінен өттіңіз. «Міне, дәл осы – менің жолым» деп түйген сәт болды ма?
Әлі ондай сәт болған жоқ. Шығармашылық жол – үнемі ізденіс. Сен әрдайым күмәнданып, өз-өзіңе талап қоясың. Өсу тоқтаса, өнердің бояуы да солады. Сол себепті бізге үнемі іздену, өзін-өзі шыңдау және күйіп кетпеуге тырысу өте маңызды.
Қазақстанда рэп пен хип-хоп жанрларын таңдаған қыздар көп емес. Өзге жастарға жол ашып жүрген кезде қысым немесе жауапкершілік сезіндіңіз бе?
Шынымды айтсам, бұл туралы көп ойланбаймын. Себебі менің алдымда да, менен кейін де мықты қыз орындаушылар шығып жатыр. Бұл қуантады. Өнер адамы ең алдымен өзінің сезімін жеткізуге тиіс. Ал тыңдарман кімнің өнері жақын екенін өзі таңдайды.
Репертуарыңызда сізді түбегейлі өзгерткен трек болды ма?
Нақты бір трек емес, осы альбом шыққаннан кейін өзімнің әрі қарай өсуім керек екенін түсіндім. Алда бұдан да сапалы дүниелер жасауға талпындым. Мені өзгерткен сезім – альбомдағы барлық әндердің жиынтық әсері.
Көп тыңдарман сіздің шынайылығыңды ерекше атап өтеді. Сіз үшін шынайылық – позиция ма, бренд пе, әлде табиғи болмыс па?
Бұл – табиғи болмыс. Тыңдарманды алдау мүмкін емес: өтірік сезіммен жазылған әнді олар бірден сезеді. Сондықтан шынайылық – кез келген өнер адамы үшін басты талап деп ойлаймын.
Өміріңізде ешқашан әнге қоспайтын, әлеммен бөлісуге қимайтын сәт бар ма?
Әзірге ондай тақырып болмады. Бірақ біреуді жамандау, «дисс» жазу сияқты дүниелерді ешқашан жасамайтын шығармын.
Музыкасыз, телефонсыз, адамдарсыз – өзіңіз жалғыз қалған сәттегі Еңлік қандай?
Өте қарапайым адам. Арманы, мақсаты, кейде мұңы бар кәдімгі жан. Ерекше бір өзгешелігім жоқ деп ойлаймын.
«ТЫҢДАРМАНДЫ АЛДАУ МҮМКІН ЕМЕС: ӨТІРІК СЕЗІММЕН ЖАЗЫЛҒАН ӘНДІ ОЛАР БІРДЕН СЕЗЕДІ.»
Егер 24 сағатқа әлемнің кез келген жеріне бару мүмкіндігі болса, қайда барып қандай ән орындайтын едіңіз?
Швейцарияға, Лаутербруннен қаласына барар едім. Сол жердің керемет тауларының етегінде «Балапан қаз» әнін орындағым келеді. Бұл халық әні маған ерекше жақын.
Егер сіздің энергияыздың пішіні болса – жарық, су, жел немесе геометрия – ол не болар еді?
Су болар едім. Себебі су – кез келген ортаға бейім. Қай ыдысқа құйсаң, соның пішініне енеді. Таза су лай суды да тазалап жібере алады. Мен де өмірдегі түрлі жағдайларға бейімделіп, өзгеріп отырамын деп ойлаймын.
Жанрлардың тоғысында жұмыс істейсіз. Сіз үшін не маңызды: құрылым ба, әлде еркіндік пе?
Мен үшін ең бастысы – еркіндік. Шығармашылықта ережені бұза білу, шектеусіз болу маңызды. Сол кезде ғана нағыз өнер туады.
МАКИЯЖ: ВЛАДИМИР АТАМАС; ШАШ ӘРЛЕГЕН ЖӘНЕ ОЮ-ӨРНЕКТІ ПАРИК: ӘЛИХАН НІЛДІБАЙ; ПРОДЮСЕР: ДІНМҰХАММЕД КЕРІМОВ; ПРОДЮСЕРДІҢ КӨМЕКШІСІ: АҚЖАНБЕК ШӘКІРОВ.