Say Mo — заманауи сахнада батылдық пен нәзіктікті үйлестіре білген артист. Рэпер үшін музыка — тек әуен емес, өзінің ойын ашық білдірудің, ал сахна — әйел еркіндігі мен сенімділігінің кеңістігі. Шығармашылығындағы алғашқы ауқымды соло кешіне дайындығын бастаған Мөлдір Есембек - Harper’s BAZAAR Kazakhstan сайтына эксклюзивті сұқбат берді.
Фото: РИТА СМИРНОВА RITA SMIRNOVA АНТОН СМИРНОВ ANTON SMIRNOV
Интервью: ГҮЛДАНА МҰҚАН GULDANA MUKAN
Мөлдір, ақпарат тасқыны заманда өз-өзіңмен қалу қаншалықты маңызды?
Бұл мен үшін өте қажет нәрсе. Қазір ақпарат тым көп, сондықтан барлығын саралап, өзіме маңыздысын іріктеп алу үшін тыныштық керек. Сол сәттерде ойым тазарады, энергиям қайта толығады.
Музыкадан бөлек не нәрсе сізге шабыт сыйлайды — адамдар, кітаптар, сапар, әлде күтпеген сәттер ме?
Саяхаттау. Әлемді көру, жаңа адамдар мен өзге елдердің мәдениетімен танысу — менің басты мотивациям. Сапардан кейін өзімді рухани жаңарып оралғандай сезінемін. Шабыт көзі деп айтсам да болады.
«ӘРБІР КОНЦЕРТ — ӨЗІМЕ ДЕГЕН СЕНІМДІЛІГІМНІҢ КӨЗІ»
Өзіңізді әлі де жеңе алмай жүрген қорқыныш бар ма? Ол сіздің шығармашылығыңызға қалай әсер етеді?
Қорқыныш әр адамда болады деп ойлаймын. Бұрын «стадион толтыра алмай қаламын ба?» деген қорқыныш бар еді. Қазір оны жеңіп келемін. Әр фестиваль, әр жеке концерт — мен үшін жаңа белес, өзіме деген сенімнің дәлелі.
Табыс деген ұғымды қалай қабылдайсыз — бұл сыртқы жетістік пе, әлде ішкі тепе-теңдік пен қанағат па?
Табыс — тек ақша емес, ол энергия. Қалай еңбектенсең, сондай нәтиже аласың. Кейін тапқан ақшаңды өзіңнің армандарың мен қалауларыңды орындауға жұмсайсың. Мысалы, жеке ән кешін беру – бұл менің арманым. Оның бәрін жүзеге асыру үшін маған қомақты қаржы керек болды. Сондықтан, әрине, табыс өте маңызды. Әр ақша тапқан сайын, белгілі бір энергия алмасуы жүреді
Көптен күткен турыңызға дайындық қалай жүріп жатыр?
Соңғы екі ай — менің өмірімдегі ең қарқынды кезеңдердің бірі. Біз турға бар күшімізді салып дайындалып жатырмыз. Ақша да, уақыт та, энергия да, тіпті жүйке де жұмсалды — кететін нәрсенің бәрі кетті. Енді тек сенім мен үміт қалды. 7 қараша күні алғашқы қаламыз Астанада үлкен концерт өтеді. Сол күнге дейін барымызды салып, демалыссыз жұмыс істеп келеміз. Командам өте үлкен, мен бұл жолда жалғыз емеспін. Қазір сұқбат беріп отырып та, шақырту бокстарын өзім таратамын — уақыт жоқ, бірақ құлшыныс бар.
Бұл концерт мен үшін жай ғана шоу емес — бірнеше айлық еңбектің, арманның, және өзіме деген сенімнің нәтижесі. Сондықтан тыңдарман осы еңбекті сезініп, қолдау көрсетеді деп сенемін.
Бұл жолғы шоу мен сахна қойылымында алдыңғы концерттерден өзгеше не болады?
Бұл концерт менің өмірімдегі ең үлкен әрі жауапты жоба. Бұған дейін менің жалғыз жеке кешім шағын террасада өткен еді — кішкентай сахна, аз көрермен. Ал қазір бәрі өзгеше: тек сахнаны құрудың өзіне шамамен 12 миллион теңге жұмсалды. Командада 30-дан астам адам еңбек етіп жатыр: музыканттар, бишілер, стилистер, техникалық мамандар — бәрінің еңбегі бір мақсатқа бағытталған. Себебі біз 5000 адамдық алаңға дайындалып жатырмыз, ал бұл мен үшін жаңа деңгей. Әрине, қобалжу бар, бірақ сонымен бірге үлкен үміт те бар.
Мен бұл концертті тек бүгіннің жетістігі емес, болашаққа бастайтын алғашқы үлкен қадам ретінде қабылдаймын. Алла қаласа, бір-екі жылдан кейін «Алматы Арена» мен «Орталық Стадионды» да толтыратын күн алыс емес деп сенемін.
«БІРАҚ ЖЕТІСПЕЙТІН БІР НӘРСЕ БАР. ОЛ – ШОУ»
Қазіргі қазақстандық музыкалық сахнаны қалай сипаттайсыз?
Соңғы жылдары біздің музыкалық индустрия қарқынды дамып келеді. Бұрын фестивальдерде ресейлік әртістер басым болса, қазір сол сахнада өзіміздің қазақша орындаушылар басты орында тұр. Бұл — үлкен жетістік. Тіпті, кезінде біз «разогревте» шыққан кей әртістер бүгінде біздің концерттерде ашылу актісі ретінде өнер көрсетіп жүр. Бұл — халықтың өз өнерпаздарын мойындап, қолдай бастағанының айқын дәлелі. Бірақ жетіспейтін бір нәрсе бар. Ол - шоу. Менің ойымша, бұдан да жоғары деңгейге ұмтылуға болады. Көрермен уақытын да, ақшасын да аямай концертке келеді, сондықтан жай ғана фонограммамен ән айтып, бір костюммен шығу дұрыс емес деп есептеймін.
Егер әр әртіс көрерменнің сенімін сезініп, соған сай шоу ұсынуға тырысса — концерт мәдениеті де жаңа деңгейге көтеріледі. Менің ойымша, дәл солай біз өз сахнамызды әлемдік деңгейге шығара аламыз.
«ФЕМИНИЗМНІҢ АРҚАСЫНДА БІЗ, ҚЫЗДАР, ӨЗ САХНАМЫЗДЫ ЕРКІН ЖАУЛАП АЛДЫҚ»
Өнер жолыңызда әйел дауысы мен тәуелсіздіктің маңызын айқын сезінген сәттер болды ма?
Соңғы алты жылда көп еңбектеніп келемін, бірақ ерекше мақтан тұтатын сәт — «Гәкку» фестивалін жапқан уақытым. Ол — менің шығармашылық өмірімдегі ең есте қалар белес. Себебі, алғаш рет әйел әртіс ретінде күллі Алматы жиналатын үлкен open air-ді жабу — зор мәртебе. Бұған дейін мұндай фестивальдердің финалында тек ер әртістер өнер көрсететін. Ал менің сахнаға шығуым — әйел өнерпаздардың тәуелсіздігін, батылдығын және жаңа дәуірдің басталғанын көрсетті деп ойлаймын. Кейін 2024 және 2025 жылдары тағы екі фестивальді жаптым. Бұл — әйелдердің де сахнаны сенімді иелене алатынының дәлелі.
Мен феминизмді тек ұран емес, мүмкіндіктің символы деп қабылдаймын. Қазір біз өз жеке концертімізді еркін өткізіп, қалаған бейнемізді сахнада көрсетіп, шығармашылық еркіндігімізді тойлай аламыз. Бұл — үлкен жетістік
«ӘР ӘЙЕЛ ӨЗ ОРНЫН СӨЗБЕН ЕМЕС, ІСПЕН ДӘЛЕЛДЕУІ КЕРЕК»
Сіздің ойыңызша, шығармашылық индустрияда әйелдер қандай стереотиптермен бетпе-бет келеді?
Әлі күнге дейін «әйел — әлсіз жыныс» деген түсінік бар. Шығармашылық индустрияда ер адамдар басым, және кейде олар өздерін бір саты жоғары қояды. «Неге қыздар фестивальді жабады?» деген пікірлерді де естідім. Бірақ мен ондай көзқарастарға жауапты сахнада беремін — сөзбен емес, іспен.
Менің ұстанымым — дәлелдеудің ең әділ жолы — еңбек пен нәтиже. Әр әйел өз ісімен, өз табысымен қоғамның көзқарасын өзгертеді. Ал сахна — менің дәлелім.
Ұйқыдан оянғанда сізді «мен мұның бәрін бекер істемеймін» деген сеніммен оятатын ең басты мақсат не — өнер ме, әлде өмірлік миссия ма?
Кейде өзіме «мен мұның бәрін не үшін істеп жүрмін?» деген сұрақ қоямын. Бірақ дәл сол сәттерде әлеуметтік желілерде тыңдарманымнан келетін жылы хабарламаларды оқып қаламын. Бірі менің әніме кавер жазады, бірі видео түсіреді, енді бірі «билет алып қойдық, асыға күтіп жүрміз» деп жазады.
Осындай сәттерде мен өзіме қайта күш жинаймын. Себебі, мен үшін әр тыңдарман — үлкен жауапкершілік. Олар маған сенеді, ал мен оларды жерге қаратқым келмейді. Сол себепті, ауырып тұрсам да, шаршасам да, жұмысымды жалғастырамын. Өйткені мен шынымен де білемін: мен мұның бәрін бекер істеп жүрген жоқпын.
БЕТ ӘРЛЕУШІ: ҚЫМБАТ ЕСТАЕВА; ШАШ ҮЛГІСІ: AFRO QUEENS.