Бұрын кешкі образдың басты аксессуарлары – бағалы әшекейлер ғана болатын. Алайда соңғы он жылдықта black tie дресс-коды тағы бір маңызды бөлшекпен толықты. Бүгінде салтанатты шараларда тек ер адамдардың емес, әйелдердің де білегінен білезік сағаттарды жиі көре аласыз. Мысалы, Met Gala 2021 кешінде Кайя Гербер Oscar de la Renta көйлек образын Omega De Ville Prestige Dewdrop сағатымен толықтырды. Сол түні Джастин Бибер мен Леон Бриджес те білектерінде трендтегі қол сағат тағып жүрген еді. Ал бұл расымен де этикетке сай ма?
Алдымен айта кетейік: бүгінде Джастин мен Леонның сағат тағуы ешкімге оғаш көрінбейді. Себебі дәстүр бойынша ресми іс-шараларда ер адамдар уақытты бақылау үшін сағат таққан. Қазір уақытты білу үшін көбіне телефонға қарайтын болсақ та, сағат ерлер үшін статус белгісі ретінде сақталып қалды. Ал әйелдер ше?
Қазір дресс-код талаптарына сай, әйелдер де сағат таға алады. Бірақ бір маңызды нюанс бар: қандай сағат тағатыныңыз маңызды. Смарт-сағаттар кешкі көйлекпен үйлесе қоймайды. Ал нәзік белдікті, гауһар тастармен көмкерілген классикалық сағаттар – салтанатты кешке тамаша қосымша бола алады.
Сондықтан егер шақыру қағазында «дресс-код:
black tie» деп көрсетілсе, өз сағатыңызды да шараға «шақырылған» деп есептей
беріңіз.
Harper's BAZAAR Australia ұсынған мақаланың түпнұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Instagram. Pexels. Unsplash.