1990 және 2000 жылдары ашық тұмсықты туфлилер сәнқойлардың гардеробындағы ең қажет аксессуарлардың бірі болған. Танымал жұлдыздар мұндай үлгілерді жиі киетін, себебі олар өз дәуірінің символына айналды. Бірнеше маусым бұрын Miu Miu бренді бұл трендке қайта назар аударып, подиумда ойнақы әрі ностальгиялық жұптарды ұсынды. Ал биыл өзге де сән үйлері бастаманы жалғастырып, бағыттың өзіндік нұсқаларын таныстырды, деп хабарлайды Harper’s BAZAAR Arabia. Ал Harper’s BAZAAR Kazakhstan бүгін бұл трендті қазіргі образдарға қалай үйлестіруге болатынын баяндайды.
Өткен ғасырдың соңында Gucci мен Versace әйелдік болмысты жаңа қырынан көрсетуге кіріскен еді. XXI ғасырдың басында Кэрри Брэдшоу мен нағыз it-girl сынды сән иконалары бұл идеяны өз стилінде жалғастырып, заманауи мегаполис тұрғынының бейнесін қалыптастырды. Әрине, олардың гардеробында ашық тұмсықты туфли міндетті түрде бар болатын. Кристина Агилера, Пэрис Хилтон және Виктория Бекхэм мұндай сәнді жұптарды қызыл кілемге де, күнделікті серуенге де таңдаған. Бұл аяқ киім кез келген жағдайда үйлесім тапты.
Бүгінгі күні көп нәрсе өзгерген жоқ. Тек дизайнерлер бұл үлгінің шекарасын кеңейтіп, түрлі нұсқаларды ұсынды — тұмсық бөлігі сәл ашық моделден бастап, кең ойықты түрлерге дейін. Қазір трендтегі туфлилерді, мюли мен босоножкаларды Хейли Бибер, Марго Робби, Эльза Хоск және Белла Хадид сияқты жұлдыздар белсенді киіп жүр. Ал сән апталығының қонақтары бұл үрдісті қуана қабылдады.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.