Алғашқы неке түніндегі жыныстық қатынас: бұл расымен де маңызды ма?
Фото. Shutterstock. Автор. Ruvinska Tetiana.

Алғашқы неке түніндегі жыныстық қатынас: бұл расымен де маңызды ма?


«Алғашқы неке түні жыныстық қатынас арқылы жұптың арасындағы байланыс заңдастырылуы керек» деген ескі көзқарас әлі күнге дейін көптеген жас отбасыларға қысым жасап келеді. Алайда көбісі мына жайтты ескере бермейді: үйлену тойы – көңілді, бірақ шаршататын шара. Кеш соңында жас жұбайлар шаршап қалуы, артық ішіп қоюы немесе өздерін ыңғайсыз сезінуі әбден мүмкін. Соған қарамастан, көпшілік бұл күнді міндетті түрде жыныстық қатынаспен аяқтау керек деп есептейді. Алайда қарым-қатынас жөніндегі сарапшылар бұған мүлде келіспейді. Ал мамандардың ойы қандай?

Жаңадан құрылған отбасы қоғамның күткеніне сай болуға міндетті емес. Егер сіз бен серігіңіз интимді сәттерді шын көңілмен қалап тұрсаңыз – бұл өте жақсы. Ал егер ондай көңіл-күй болмаса, өзіңізді немесе бір-біріңізді мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Бірден айта кетейік: алғашқы неке түнінде жыныстық қатынасқа түсу міндетті емес.

Көп адамдар бұл түннен тым үлкен үміт күтеді. Бірақ шындыққа келгенде ол үміттер ақталмауы мүмкін. Бұл — сіздің жұбайыңызбен алғаш жыныстық қатынасқа түсіп жатқан кезіңіз, сондықтан қобалжу да болуы мүмкін. Елеусіз көрінетін ұсақ-түйектердің өзі әсеріңізді бұзуы ықтимал.

Алғашқы неке түніндегі жыныстық қатынас: бұл расымен де маңызды ма?
Фото. Shutterstock. Автор. AimPix

Алғашқы неке түні туралы серігіңізбен алдын ала сөйлесіп алған жөн. Бұл кешті қалай елестетесіздер, оны қалай күтесіз, соны талқылап, ортақ шешімге келіңіздер.

Айтпақшы, мамандар жақындықтың басқа да жолдарын ұсынады: мысалы, аймаласу, сүйісу, құшақтасу. Тіпті бір-біріңіздің қолдарыңызды ұстап ұйықтауға немесе киімсіз жатуға (жыныстық астары болмаса да) болады.

Бұл кеңестер некеге дейін жыныстық қатынастан бас тартқан жұптарға да қатысты. Әрине, мұндай жағдайда қысым күшейе түсуі мүмкін. Бірақ мамандардың айтуынша, тойдан кейін бірден жыныстық өмірді бастау міндетті емес. Жаңа жұбайлар бір-бірінің интимдік қалауларын толық білмейтін болуы ықтимал, сол себепті бұл маңызды қадамға сәл кідіріп барып барған дұрыс. Егер алғашқы неке түнінде жыныстық қатынас сәл кейінге қалса, көңіліңізді түсірмеңіз. Есесіне сол сәтке жақсылап дайындалуға мүмкіндік болады.

Business Insider ұсынған мақаланың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз. 


Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Аударған. Гүлдана Мұқан. 

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше