Маникюр әрдайым өзін білдірудің нәзік құралы: ол минималистік те, романтикалық та немесе жарқын бола алады, бірақ қандай болса да, әрдайым даралығыңызды көрсетеді. Дегенмен мойындау керек: Шығыс күнтізбесі 2026 жылғы маникюр трендтеріне ықпал етпек. Алайда көпшілігі бәрібір уақытсыз классикаға басымдық береді. Жақын уақытта не сәнге айналады? Harper's BAZAAR Kazakhstan төменде айтып береді.
Доғал пішінді маникюр
Маусымның ең қалаулы пішіндерінің бірі — доғал пішінді тырнақ. Дәл осы форма нәзіктік әсерін беріп, саусақтарды визуалды түрде ұзартады. Мұндай маникюр сәнді әрі әйелтекті көрінеді, әсіресе ұзын тырнақта. Ал қысқа тырнақты ұнататындар үшін классикалық доғал ұтымды шешім: пішіннің әсемдігін сақтап, күнделікті өмірде жайлы болады.
Нюд реңктері
2026 жылы бейтарап палитра күрделеніп, қызығырақ бола түседі. Әдеттегі беждің орнын сұр-қоңыр мен кілегейлі тондар, сүтті нюд және зәйтүн астары бар бейтарап реңктер басады. Көрінісі байсалды, үйлесімді және уақыттан тыс!
Финиш «тері күтімі әсеріндей»
Жарқын детальдар екінші орынға ысырылып, оны табиғи, сау жарқыл мен күтілген көрініс басады. Бұл жерде тырнақты дайындау айрықша маңызды: маникюрдің сапасы дизайннан маңыздырақ бола түседі. Жабынға келсек, көзге әрең шалынатын, жартылай мөлдір гельдерді таңдаңыз.
Романтикалық кесте
Минимализм декорды жоққа шығармайды — оны тек одан әрі талғампаз етеді. Кестеге ұқсас нейл-арт 2026 жылдың ең көзге түсетін декоративті трендтерінің біріне айналады. Жіңішке өрнектер, жартылай мөлдір элементтер мен нәзік детальдар әсем де романтикалық көрінеді.
Қызыл — уақыттан тыс, трендтен биік
Қызыл түске бөлек назар аударуға тұрарлық. Оттың, күштің, құштарлық пен байлықтың символы саналатын бұл реңк әрдайым классика, ал Қызыл Отты Жылқы жылында айрықша мәнге ие болады. Алқызыл, кармин, шарап реңкі немесе отты астары бар қызыл — мұндай маникюр сізге сәттілік әкеледі.
Harper's BAZAAR ұсынған материалының түпнұсқасын мұнда оқи аласыз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.