Үй жануарларының иелері табиғи апаттар (дауыл, ураган, жер сілкінісі) орын алардан бұрын олардың ерекше, тіпті оғаш әрекеттерін көп байқайды. Мәселен, кейбір иттер үзіліссіз үріп немесе ұлиды. Мысықтар тығылып қалады, не белгісіз жаққа қашады, ал тотықұстар мазасызданып бастайды. Бұл - кездейсоқтық па, әлде жануарлар шынымен де жер сілкінісін алдын ала сезе ала ма? Осы сұраққа бірге жауап іздеп көрейік.
Кейбір мәліметтерге сүйенсек, мұндай ерекше реакцияны тек үй жануарлары ғана емес, жабайы аң-құс, жорғалаушылар, балықтар мен жәндіктер де көрсететін көрінеді. Әсіресе, жер сілкінісінің алдында түсініксіз оғаш қылықтар танытады. Мысалы, 1975 жылы Қытайдың Хайчэн қаласында болған жойқын жер сілкінісіне бір ай қалғанда, жыландар қыстың ортасында індерінен жаппай шығып, қысқы ұйқысын ұмытып, қауіпті аймақтан қашуға тырысқан екен. Тура осындай жағдай 2009 жылы Италияның Аквила қаласында бақалармен де болған.
Ғалымдар мұндай мінез-құлықты жануарлардың қоршаған ортадағы ең кішкентай өзгерістерді – ауа қысымын, жер асты суларының құрамын немесе иіс өзгерістерін өте жақсы сезетіндігімен түсіндіреді. Кейбір жануарлар жойқын сілкіністердің алдында болатын әлсіз форшоктарды - жер асты дүмпулерін бірінші болып сезулері мүмкін. Ал басқалары сейсмикалық белсенділіктің хабаршысы болуы мүмкін деген теория бар, себебі олар да ауадағы өзгерістерге жауап береді.
Дегенмен, мұндай құбылысты нақты дәлелдейтін ғылыми деректер жоқ. Сол себепті жануарлар жер сілкінісін болжай алады деп нақты айту қиын. Мамандар мұны эволюциялық инстинктпен байланыстырады: жануарлар қауіп-қатерге ерте реакция танытып, сол арқылы жыртқыштардан немесе апаттан аман қалуға бейімделген. Айта кетсек, ол бұрын да, қазір де олардың өз өмірлерін сақтап қалуға көмектесіп келеді. Алайда, болжам әзірге нақты дәлелденбеген теориялардың бірі ғана. Қалай болғанда да, үй жануарыңыздың мінез-құлқына мұқият болу ешқашан артықтық етпейді.
Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Аударған. Қорлан Тұрсынбекова.