Әлішер Кәрімов ресми Қазақстанның халық әртісі! 20 жылдан астам өнер әлемінде жүрген эстрада жұлдызы күні кеше дәл осы лауазымға лайық деп танылды. Талантты тұлғаны еліміздің мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев марапаттады.
«Құрметті ағайын! Бүгін мен үшін тарихи күн – маған “Қазақстанның Халық артисі” атағы берілді! Осы жоғары марапатты Президентіміздің қолынан алу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл марапат, мені қолдаған барша тыңдармандарымның және жанашырларымның арқасы деп білемін» , - деп Әлішер өзінің Instagram парақшасында тыңдарманына алғысын білдірді.
Айта кетейік, 20-мамырда президент жарлығымен ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан айрықша үлесі, мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген еңбегі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Оның ішінде, «Алматы әуендері» КМҚК Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі Александр Беляковқа және әнші, «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы» РММ қауымдастырылған профессоры Айгүл Қосановаға берілді. Сондай-ақ, жас әнші әрі актриса Жарқынай Ханайым «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атанды.