Алатаудай алып тұлға, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Театр мен киноның біртуар шебері Асанәлі Әшімов 89 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бұл қаза – тек өнер саласы үшін емес, ұлттық руханият үшін ауыр соққы.
Асанәлі Әшімұлы – қазақ мәдениетінің тұтас бір дәуірін қалыптастырған, ұлттық өнердің мерейін асырған дара тұлға. Оның «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Шоқан Уәлиханов», «Сіз кімсіз, К мырза?» секілді классикалық туындылардағы рөлдері қазақ киносының «алтын қорына» мәңгілікке енді.
Асанәлі Әшімұлы ұлағатты ғұмырын ұлт мәдениеті мен өнеріне арнап, шын мәнінде абыройы асқан тұлға болды. Артында мол мұра қалдырған, тағылымды туындыларымен көрермен санасына шамшырақ бола білген Ұлы тұлғаның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.