Нейрокосметика деген не және оның көңіл күйге қандай қатысы бар?
Фото. Shutterstock. Автор. Dmytro Buianskyi

Нейрокосметика деген не және оның көңіл күйге қандай қатысы бар?


Жүйке жүйеңіз жұқарып, стресті сезінген сәттен бастап оның адам бетіне бірден әсер ететіні — ешкімге жаңалық емес. Адам ағзасындағы ең үлкен мүше — тері — ішкі өзгерістердің бәріне аса сезімтал. Сол себепті өміріміздің қиын кезеңдерінде қызару, бөртпе, қабыршақтану мен тітіркену жиі кездеседі. Harper’s BAZAAR UK басылымының мәліментінше, сұлулық индустриясы үлкен серпіліс жасап, ал нейрокосметика — осы саланың келешегі болмақ. Ендеше, ол қалай жұмыс істейді және не үшін қажет — бірге түсініп көрейік.

Стресс пен мазасыздық адамның бүкіл ағзасына тікелей әсер етеді. Мазасыздықтан арылу кейде оңай болса, психологиялық күйзеліс ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Осыдан «кортизолды бет» деген ұғым пайда болды және одан арылудың түрлі әдістері ұсынылуда. Стресс гормоны тері тосқауылын әлсіретіп, түрлі кемшіліктердің пайда болуына және ерте қартаюға себеп болады. Дәл осы байланысты байқаған зертханалар мен дерматологтар нейрокосметиканы ойлап тапты.

Қазір бұл өнімдер әлі көп емес, алайда олардың құрамында нейроактивті компоненттер бар. Олар сыртқы және ішкі факторларға (температура, ылғалдылық, ауа ластануы және әрине, сіздің көңіл күйіңізге) сезімталдықпен жауап береді.

Бұл қалай жұмыс істейді?

Біздің ми мен тері нейромедиаторлар арқылы байланысқан — олар екі жүйе арасындағы «хабарларды» жеткізеді. Сонымен қатар терінің pH деңгейі де өзгеруі мүмкін, ал «ақылды» компоненттер мұны бірден байқап, қажетті аймаққа тыныштандыратын заттарды жеткізеді. Мысалы, сіз сарысуды жаққанда, ол терідегі қышқылдық артқанын байқап, сол жерді бірден қалпына келтіруге кіріседі.

Әрине, «ақылды» косметика бізді әлі талай таңғалдырады. Қазіргі таңда бұл бағытта көптеген ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Дегенмен, күтім жасау сәтінің өзі, қолданылатын құралдардың иісі мен құрылымы адамды босаңсытып, күнделікті күйзелісті жеңілдетуге көмектеседі. Бірақ, өкінішке қарай, стрессті толықтай жою әзірге мүмкін болмай тұр.


Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Пресс-офисы марок. 

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше