Мойын терісінің қартаюын қалай алдын алуға болады?
Фото. Shutterstock. Автор. Irina Bg

Мойын терісінің қартаюын қалай алдын алуға болады?


Көпшілігіміз жас әрі әдемі көріну үшін бет терісіне ғана мән беріп, мойын терісін елеусіз қалдыратынымыз рас. Бірақ дәл осы мойын – жастың шынайы көрсеткіші екенін ұмытпаған жөн. Сонымен қатар, дененің дәл осы аймағындағы тері белсенді компоненттер мен түрлі процедураларға бетке қарағанда басқаша әсер етуі мүмкін, деп жазады Harper’s BAZAAR. Мысалы, филлер немесе жоғары температуралы лазер мойынға жарамайды. Ендеше мойын терісін қартаюдан қалай қорғауға болатынын қарастырайық. Иә, бұл – әбден мүмкін.

Мойын терісінде коллаген мөлшері аз болғандықтан, ол тезірек серпімділігін жоғалтады. Оған қоса, смартфонға жиі қарау – терінің «бүктелуіне» және қосымша сызықтардың пайда болуына әсер етеді. Дерматологтар бұл аймақтағы жастықты сақтау үшін тек косметикалық құралдар жеткіліксіз екенін айтады. Әрине, маска, жақпа май, сарысу және үйде қолданылатын құрылғылар көмектеседі. Дегенмен, косметолог мамандардың қабылдауына барып, кәсіби процедуралар жасату – маңызды қадам.

Процедуралар

Ultherapy – теріні тартатын инвазивті емес әдіс. Ол ультрадыбыстық жылу арқылы коллаген мен эластиннің түзілуін ынталандырады. Бұл – бет терісін тартуға дайын емес, бірақ мойын терісіндегі босап қалған аймақтармен күрескісі келетіндерге арналған шешім. Екі-үш ай ішінде алғашқы нәтиже байқалады, ал жыл сайынғы сеанс жетістікті ұзақ мерзімге сақтап тұруға көмектеседі.

QuantumRF – аз инвазивті емдеу тәсілі. Ол қысқа импульсті жылу арқылы коллаген мен эластиннің қалпына келуін қамтамасыз етеді. Алғашқы нәтижелер бірнеше күн ішінде байқалады, бір күні терінің қалпына келуіне кетеді. Бір рет жасалған процедура ұзақ уақытқа жетеді. Сонымен қатар, ол лимфа жүйесіне де оң әсер етеді – яғни, ісіну аз болады.

Кәсіби мамандар ботоксты да назардан тыс қалдырмауға кеңес береді. Иә, бұл танымал нейротоксин әлі де сұранысқа ие және нәтижесі айқын көрінеді.

Қазіргі таңда косметологияда жасанды интеллект те қолданыла бастады. Мысалы, бет пен мойын терісінің 3D-визуализациясы арқылы теріні сканерлеп, дәл сізге қажет күтімді анықтауға мүмкіндік бар.


Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Пресс-офисы марок. 

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше