«КешYOU» тобына 19 жыл: Қазақ поп-музыка индустриясындағы ең атышулы ұжымның экс-қатысушылары қазір қайда жүр?

10 апреля 2025

Бүгін, 10 сәуір «КешYOU» тобының туған күні! Нақтырақ айтсақ, Баян Алагөзова ұжымды қол астына алған күн. Биыл герлз-бэндке 19 жыл толып отыр. Продюсер қыздарды құттықтап, Instagram парақшасына мұрағаттан әсерлі видео жүктеді. Айтулы датаға орай, «КешYOU»-де өнер көрсеткен арулардың қазіргі таңда қайда жүргенін айтып береміз.

Еске салсақ, топтың негізін 2004 жылы «SAF» атауымен ең алғаш қалаған продюсер Алуа Қонарова. Ал Баян Мақсатқызы 2006 жылдың 10-сәуірінде қыздарды қол астына алған. Сол сәттен бастап ұжым «КешYOU» атанды. Басты мақсат — қазақи болмысты заманауи музыкалық стильмен ұштастырып, ұлттық реңкті поп-мәдениетке енгізу.

КешYOU тобының басты ерекшелігі — оның құрамының жиі ауысуы. Бұл жайт бастапқыда кей тыңдарман үшін түсініксіз болғанымен, уақыт өте келе топтың басты стратегиясына айналды. Әр жаңа құрам — жаңа стиль, жаңа энергия, жаңа бағыт.

Музыка мен имидждің эволюциясы

КешYOU жылдар бойы түрлі музыкалық стильдерді қолданып көрді: этно-поп, R&B, балладалар, заманауи поп. Бұл топқа музыкалық жағынан да, визуалды тұрғыдан да жаңарып отыруға мүмкіндік берді. Олар әрдайым сән мен мәдениеттің алдыңғы қатарында болды: сахналық киімдерден бастап клиптердегі концептке дейін.

«КешYOU» — тренд қалыптастырушы

КешYOU тобы — жай ғана поп-музыкалық ұжым емес, олар — мәдени тренд қалыптастырушылар. Олардың арқасында көптеген жас қыздар сахнаға шығуға, өз талантын көрсетуге шабыт алды. Сонымен қатар, бұл топ қазақ тіліндегі заманауи музыканың дамуына зор үлес қосты.

Әнел Әрінова - 2004-2011 жылдар аралығында «КешYOU» тобының құрылған сәтінен бастап өнер көрсеткен әнші. Вокалист бүгінгі таңда жеке мансабы мен бизнеске бет бұрған.

Зумрад Гараева – 2004 – 2008 жылдар аралығында ұжымда болған ару. 2008 жылы келісім-шарт аяқтала сала Зумрад топпен қош айтысқан еді. Оның кеткен бағыты өнер емес, маркетинг саласы.

Маржан Мендібаева – 2004-2006 жылдары ғана өнер көрсетті. Әншілік мансабын 2 жыл ғана дамытқан болатын. Алайда Маржан отбасылық өмірді таңдап, тұрмысқа шығып, ана атанды. Бүгінде ол визажист және парикмахер-стилист.

Мөлдір Әуелбекова – 2006-2012 жылдар аралығында ұжымда ұзақ уақыт өнер көрсеткендердің бірі. Бүгінгі таңда Қазақстанның сұраныстағы соло әртісі. Себебі Мөлдір бір сәтте өнерді тастамаған.

Наиля Заитова – 2008-2010 жылдары «КешYOU» тобында болған арулардың бірі. Еске салсақ, Наиля 2005 жылы SuperStar KZ музыкалық байқауының жартылай финалына шыққан. Наиля қазіргі таңда да өнерден жырақтамады. Бикеш жеке мансабын қолға алып, түрлі іс-шараларда бой көрсетіп жүр.

Кәмшат Жолдыбаева – 2010-2015 жылдарды «алтын құрамда» өнер көрсетті. Бүгінде Жолдыбай-тегі декреттік демалыста. Актер Ғазрет Қажымұқанұлына тұрысқа шыққан әнші, соло мансабына әзірге пауза қойған.

Айдана Меденова – 2011-2015 жылдары өнер көрсетті. Қазіргі таңда үлгілі жар, аяулы ана. Сондай-ақ, ол орамалға келіп, дін жолында.

Жанар Дұғалова – 2012-2014 жылдары ұжымда ән шырқады. Мега дауысты әнші қазіргі таңда жеке шығармашылығымен әйгілі.

Жұлдыз Өмірғали, Ақбота-Нұр Сейітмағамбет, Элизат Берікова – актрисалық пен әншілікті қатар алып, өнердің төрінде жүрген сылқымдар.

Балжан Бидаш, Сара Амангелді, Назым Әбілдина – бүгінде соло әртістер. Жас өнерпаздар продюсерсіз-ақ жеке карьерларын дамытып келеді.

Ләззат Сұлтанова, Балауса Ерғалина, Наргиз Алтайбай – 2019-2024 жылдары өнер көрсеткен «бриллиант құрам». Қазіргі кезде Балауса соло мансабын қолға алса, Наргиз актрисалыққа бет бұрған.

Ләззат Сұлтанова, Диана Қожагелдина, Сагдиана Бұхарбаева – 2024 жыл мен қазіргі уақытта «КешYOU»-дің ресми құрамында.


Автор. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Instagram @keshyou_official

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше