Интервальді ашығу – қазіргі таңда миллиондаған адам ұстанып жүрген, салмақ тастаудың сәнге айналған әдістерінің бірі. Бұл жүйені қолдайтындар тамақты белгілі бір уақыт аралығында ғана жесең, ағзадағы май мөлшері тез азаяды дегенге сенеді, деп хабарлайды People басылымы.
Алайда диетологтар бұл тұжырымды растайтын нақты ғылыми дәлелдер әлі жеткіліксіз екенін айтады. Иә, жағымды нәтиже берген жағдайлар көп, бірақ әдіс бәріне бірдей жарамды дегенді білдірмейді.
Сарапшылар ескертіп өткендей, қант диабетімен ауыратын адамдарға, балаларға, жүкті және емізулі әйелдерге мұндай тамақтану тәртібі зиян болып келеді. Себебі олардың денсаулығында асқынулар туындауы мүмкін. Бұл санаттағы адамдар үшін өзін тамақтанудан шектеу емес, тұтынатын өнімдерінің сапасына мән беру әлдеқайда пайдалы.
Айта кету керек, ереже интервальді ашығуды таңдаған адамдарға да қатысты. Егер сіздің рацион әлі де қарапайым көмірсуларға, қантқа, ұннан жасалған өнімдерге, газдалған сусындар мен дайын тұздықтарға толы болса, онда нәтижеге қол жеткізу қиын. Керісінше, өзіңізді сәтсіздікке ұшыратуыңыз әбден мүмкін.