Алғашқы эмоция, алғашқы тәжірбие.... Бастан өткірген ерекше кезеңдерді еске алу әрдайым қызық. Біз өз кейіпкерлерімізге өткенге саяхат жасап, түрлі эмоция сыйлаған уақыттарына қайта оралуды жөн көрдік. Кезекті қонағымыз - қазақ рэп жанрына өз үлесін қосып жүрген YENLIK сыр сандықта сақтаған аяулы естеліктерін айтып берді.

Тұңғыш қымбат брендке қолым жеткен уақыт... өзім әлі сатып алмадым, бірақ жаңа жылға өнердегі әріптесім және өмірдегі құрбым Айжұлдыз Адайбекова Karl Lagerfeld-тың сөмкесін сыйға тартты. Бұл мен үшін ең бағалы тартулардың бірі деп есептеймін.
Маңдай теріммен тапқан алғашқы еңбекақым... кішкентай кезімде блокнот сатып тапқанмын. Қасымдағы құрбыларыммен бірге, жабыстырғыштар сатып алып, блокнот тігіп, соның сыртын солай әрлейтінбіз. Оған қоса менің жазуым әдемі болғандықтан, күнделіктің иесіне есімін жазып беретінмін.
Бірінші рет жүрегім жараланған сәт... ондай сезім болған сәт көп қой. Өмір болған соң, ондай жағдайлар болады. Мәселен алғаш рет мектеп кезінде, яғни өтпелі кезеңде ата-анамды дұрыс түсінбей, жүрегім жараланған кездер болды. Бірақ уақыт өте келе бәрін түсіністікпен қарауға тырысасың.

Алғаш рет жаныма жақын жанның сатқындығын сезген сәт... жүрегімді қатты ауыртты, өтті-кетті ондай сәттерді тіпті есіме алғым келмейді. Сондықтан, қазбаламай-ақ қойсам деп едім. Дегенмен бұл да бір өмірлік тәжірбие болғаны сөзсіз.
Тұңғыш шетелге саяхатым... анаммен бірге умраға бардық. Сауд Арабиясының Медина қаласына аттандық. Сол сапарда жаным тыныштықтың не екенін ұққандай болды.
Танымал тұлғаны тұңғыш көрген кезім... есімде қалғаны тек «OYU» акустикалық live түсірілімінде, өзім сүйіп тыңдайтын музыкант Ғалымжан Молданазарды көріп қалғанмын.

Алғашқы махаббат... жүректі тербейді, мәңгілік бақ құсы қоштасқым келмейді. Алғашқы махаббатым, мектепте 1-сыныпта, сыныптасыма ғашық болғам. Сабағын жақсы оқитын және өте таза, тиянақты бала болған. Сол үшін де маған ұнаған шығар мүмкін.
Алғашқы жетістігім... үшін кеудемді мақтаныш кернеген мезет - жетістіктерім үшін мақтана алмаймын. Себебі адам жетістікке жалғыз өзі жетті деген пікірге келіспеймін. Қай кезде де шыңды бағындырсам қасымдағы жанашыр адамдарымның үлесі бар.
Жақынымнан айырып, жанымды жабырқатқан алғашқы оқиға... жеңгем қайтыс болғанда. Себебі, бұл күтпеген жағдай болды. Бар әулеттің қабырғасын қайыстырған сәт болды.

Автор. Гүлдана Мұқан. Фото. Instagram @yenleak