«3 жыл үнсіздік»: Айдана Меденова сахнаға оралып, жаңа әнін ұсынды
Фото. Instagram @aidanamedenova_officialpage.

«3 жыл үнсіздік»: Айдана Меденова сахнаға оралып, жаңа әнін ұсынды

Гүлдана Мұқан
23 декабря 2025

Дін жолына бет бұрып, өнерден кеткенін мәлімдеген әнші Айдана Меденова ұзақ үзілістен кейін қайтадан сахнаға оралды. Үш жыл бұрын орамал тағып, шығармашылықтан түбегейлі кететінін айтқан артист араға уақыт салып, жүрек қалауына қайта құлақ асқанын жеткізді.

Айдана бұл шешімінің оңай болмағанын жасырмайды. Ол тыңдарманына арнаған жазбасында өзінің мінсіз емес екенін, қарапайым адам ретінде қателігі, күмәні мен шаршауы болатынын ашық айтты.

«Мен мінсіз емеспін және біреулердің мені мінсіз деп ойлағанын қаламаймын. Мен – қателігі, күмәні, шаршауы мен өсіп-жетілуі бар қарапайым адаммын. Мені түсінетіндерді де, түсінбейтіндерді де жақсы түсінемін. Ешкім мені түсінуге немесе менімен бір жолда болуға міндетті емес. Бұл да – еркіндік. Мен өз жолыммен жүріп келемін: қалай сеземін, қалай шамам жетеді – солай. Бетпердесіз. Барлығына ұнауға тырыспай. Тек шынайы болуға тырысамын. Егер жүрегіңізге жетсе – рахмет. Жетпесе – оны да қабылдаймын», – деп ағынан жарылды әнші.

Айта кетейік, бір ай бұрын Айдана Меденова фанаттарына сахнаға қайта оралатынын сүйіншілеген еді. Ал күні кеше ол «Арамызда» атты жаңа әнінің тұсауын кесті. Қазақ және орыс тілдерінде орындалған лирикалық туынды музыкалық платформалар мен әлеуметтік желілерге жүктелді. Әнші премьера алдында қобалжығанын да жасырмады. Дегенмен, жанкүйерлері оның бұл алаңдаушылығын сейілтіп, жылы лебіздерімен қолдау көрсетуде.

Сондай-ақ, Айдана шоу-бизнес саласындағы өзгерістерге де өз пікірін білдірді.

«Шығармашылықтан және шоу-бизнестен алыста жүрген жылдары көп нәрсе өзгергенін байқадым. Жаңа ережелер пайда болды. Фонограммаға тыйым салынуы – меніңше, өте дұрыс қадам. Ән айту – шынымен де жанды дауыста ән айту болуы керек. Мен ешкімді сынап жатқан жоқпын. Тек бақылап, сезініп, түсініп жүрмін. Осы уақыттың ішінде өз орнымды қайтадан сезінгім келеді», – деді ол.


Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше