Өзбекстанның бірнеше дүркін чемпионы пластикалық операциядан кейін 39 жасында қайтыс болды


Өзбекстандық танымал семсерлесуші, халықаралық дәрежедегі төреші Аида Хасанова Ташкенттегі жеке клиникалардың бірінде пластикалық операциядан кейін қайтыс болды.

Аида Хасанова, сурет әлеуметтік желіден

39 жастағы науқастың жағдайы 23 мамырда нашарлаған. Дәрігерлердің шешімімен ол басқа ауруханаға ауыстырылды, бірақ кешке қарай жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

Өлімнің себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта прокуратура тергеуге дейінгі тексеру жүргізіп жатыр.

Аида Хасанова 1983 жылы Ташкентте дүниеге келген. Ол Өзбекстанның бірнеше дүркін чемпионы, 2001-2006 жылдары Орталық Азия чемпионы, 2005 жылы Англияда өткен халықаралық турнирдің алтын жүлдегері.

2014 жылы қарудың үш түрін қолданып семсерлесуден Өзбекстан тарихындағы тұңғыш халықаралық төреші атанды. Сол жылдан бастап ол Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) төрешісі болды, ірі халықаралық чемпионаттар мен турнирлерде жұмыс істеді.

2015 жылы Хасанова Өзбекстаннан келген төреші ретінде алғаш рет әлем және Азия чемпионатының финалдық кезеңіне қатысты. 2017 жылдан бастап семсерлесуді дамытуға қосқан зор үлесі үшін Өзбекстан семсерлесу федерациясының бас төрешісі болып тағайындалды. Ол халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген көптеген спортшыларды тәрбиелеп шығарды.

2019 жылы Токиода өткен Жазғы Олимпиада ойындарында Өзбекстан мен Орталық Азиядан бірінші төреші болып сайланды. Токио Олимпиадасында Аида Хасанова Азиядан семсерлесуден жалғыз әйел төреші болды.

Ads zone