Қырғызстанда туды ғана емес, елтаңба мен әнұранды да өзгерту ұсынылды


Жогорку Кенеш комитеті Қырғыз Республикасының туын өзгертуді бірінші оқылымда мақұлдады.

Сурет: Қырғызстан туы

Бүгін Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және Регламент комитеті мемлекеттік туды өзгерту туралы мәселені қарап, бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды «Кабар» агенттігі.

Заң жобасының бастамашылары – Жогорку Кенеш депутаттары Нұрланбек Шәкиев, Ұлан Примов.

Бастамашылардың бірі, депутат Ұлан Пірімов заң жобасы Қырғыз Республикасының негізгі мемлекеттік рәміздерінің бірі – Қырғыз Республикасының туын жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Қырғыз Республикасының туындағы сәулелердің пішінін толқын тәріздіден күн сәулесіне анық ұқсайтын пішінге өзгерту ұсынылып отыр.

Қырғыз Республикасының туындағы күн сәулесінің жаңа нобайын жасау үшін бастапқы кезеңде осы туды жасаушы авторлар жұмылдырылды, олар математикалық есептеулерді, сызбаларды және соған байланысты жұмыстарды жүргізді. Авторлардың бірі Жүсіп Матаев бастапқы нұсқаның өзгеріске ұшырағанын, бастапқыда күн сәулесін анық еске түсіретін пішін ұсынылғанын атап өтті.

Бірқатар депутаттар бұл заң жобасына қатысты сұрақтарды ортаға салып, тудың жекелеген элементтеріне баса назар аударды.

Талқылау барысында депутат Дастанбек Жұмабеков тудың жекелеген элементтерін өзгерту мәселесі бойынша референдум өткізуді ұсынды.

Депутат Нұрланбек Азығалиев мемлекеттік рәміздерді өзгертуге болмайды деп айтуға болмайтынын атап өтті.

Депутат Мейкінбек Әбдалиев Қырғызстан азаматтарының пікірін ескеру қажет деді.

Депутат Ұлан Пірімов осыдан 32 жыл бұрын туды референдум емес, парламент бекіткенін баса айтты. Депутат туды ғана емес, елтаңба мен әнұранды да өзгертуді ұсынып отыр.

«Жақында Қырғызстанның елтаңбасы мен әнұранын өзгертуге тура келуі мүмкін», - деді депутат Нұрланбек Азығалиев парламенттің конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және регламент жөніндегі комитетінің отырысында.

Оның айтуынша, әнұранды өзгерту жөнінде көптеген азаматтардан ұсыныстар түсіп жатыр.

«Бұл заман талабы, 30 жыл бұрын адамдардың визуализациясы басқаша болатын. Мүмкін жақында Елтаңбаны ауыстырармыз. Елтаңбада мақта көрсетілген. Бұл өнімді шығаруды тоқтатсақ не болады?» – деп атап өтті.

Депутат Дастан Жұмабеков әріптестерін бұл мәселені референдумға шығаруға шақырды.

«Сіз бұл заң жобасымен үлкен өзгерістер енгізіп жатырсыз. Депутаттар оны қабылдауы мүмкін, бірақ халықтың пікірін де тыңдау керек. Егер олар менің пікірімді сұраса, мен ескі туға ризамын, біз онымен 30 жыл өмір сүріп келеміз, оған үйреніп қалдық», - деді депутат.

Жобаның бастамашысы Ұлан Пірімов алғашқы ту референдумсыз, Жоғарғы Кеңестің қаулысымен қабылданғанын еске салды.

Ads zone