Тоқаев пен Макрон Қазақстанда француз мектептерін ашуға келісті


Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасына Францияның жоғары оқу орындары да көбірек енетін болады.

Қазақстанда екі француз мектебі ашылады. Бұл туралы Франция мен Қазақстан президенттерінің бірлескен мәлімдемесінде айтылған.

«Президенттер білім беру саласындағы ынтымақтастықтың басымдылығын атап өтті. Біз Астана мен Алматыда екі француз мектебін ашуға және дамытуға қолдау білдірдік», - делінген президенттердің бірлескен мәлімдемесінде.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макрон да студенттердің ұтқырлығын арттыруды, атап айтқанда, «Абай-Верн» бағдарламасы бойынша шәкіртақыларды көбейту және «Болашақ» бағдарламасы бойынша француз университеттерінің тізімін кеңейту арқылы қолдау көрсетті.

Сонымен қатар, ел президенттері Сорбонна-Қазақстан институтын қайта форматтауды қолдайтындықтарын білдірді және 2022 жылғы 30 қарашада Парижде 7-ші Қазақстан-Франция жоғары білім форумының өтуін, сондай-ақ бірқатар құжаттарға қол қоюды құптады.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парижге ресми сапармен барып, Франция президенті Эммануэль Макронмен келіссөздер жүргізді.

Ads zone