Танымал қазақстандық ауыр атлет Владимир Седов өз-өзіне қол жұмсады


Ауыр атлетикадан әлем чемпионы қазақстандық Владимир Седовтың денесі табылды.

Сурет ашық дереккөзден

"35 жастағы зілтеміршінің мәйіті Қаратал ауданы Достық ауылында тұрғылықты жерінен табылды. Оның денесінен зорлық-зомбылықпен өлімнің сыртқы белгілері табылмады. Белгілі болғандай ер адам өз-өзіне қол жұмсаған. Қазіргі таңда осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс аудандық ішкі істер басқармасының басшылығымен бақылауға алынды",-делінген Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жариялаған хабарландыруда.

Владимир Седов – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қатысушысы, Қазақстан Республикасының төрт дүркін чемпионы, 2010 жылғы Қазақстан чемпионатының рекордсмені. Сәтті өнер көрсеткені үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Зілтеміршінің жұлдызды кезеңі 2009-2016 жылдар аралығына түсті.

2016 жылы Седов ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатына қатысудан эмоционалды түрде бас тартып, жанжалдың ортасында болды. «Міне, саған нағыз Олимпиада чемпионы!» – деп айқайлап, футболкасын шешіп, трибунаға қарай лақтырған.

Кейінірек Седов өзінің мансабының аяқталуына Илья Ильинді кінәлап, бірнеше рет айыптады.

"Илья Ильин менің мансабымды аяқтауға құқығы жоқ еді", - Владимир Седов.

2021 жылы қазақстандық ауыр атлет Альберт Линдер 25 жасында өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай ауыр атлетикадан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері қызметінен Сергей Седов (Владимир Седовтың үлкен ағасы) айырылды.

Ads zone