Рамзан Қадыров жиі қолданатын «дон» сөзінің мағынасы қандай?


Соңғы уақытта Қазақстанға қатысты Шешенстан президенті Рамзан Қадыров жиі пікір білдіріп жүр, қазақстандықтар оның әр сөйлемде «дон» сөзін қолданатынын байқады. Шешенстан президентінің жиі айтатын «дон» сөзінің мағынасы қандай? Бұл сұраққа байланысты Рамзан Қадыров ЧГТРК «Грозный» Instagram-аккаунтында тікелей эфирде жауап берді.  

Источник фото

«Бұл «дуй хьунан», яғни, сөз байланысы үшін, мысалы «қысқаша», «міне, солай» деген сөздердің орнына қолданамын», — деп түсіндірді Қадыров.

Сондай-ақ, ол паразит сөзді жиі қолданатыны үшін кешірім де сұрады. Lenta.ru корреспонденттері 2 минут, 45 секундтық эфир барысында Қадыровтың «дон» сөзін 31 рет айтқанын санап шыққан.

Айтпақшы, біраз уақыт бұрын Қадыров егер өзіне әлдене қатты ұнаса немесе ашуланса, «дон» сөзін жиі қайталайтынын бірнеше рет айтқан болатын. Естеріңізге салып өтейік, таяуда ғана Қадыров ҰҚШҰ(ОДКБ) елдері мен Қазақстанның саяси ұстанымын сынға алып, бұл елдер дұрыс жасамай отыр деп арнайы видеоүндеу жариялаған еді. Telegram-каналда тараған бұл үндеу әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, жұрттың наразылығын тудырған еді. Шешенстан президентінің бұл айтқан пікіріне байланысты қазақстандық журналист Сергей Пономарев мыңдаған шешенді құтқарудағы Қазақстанның рөлін алға тартып, өткен тарихты есіне салған болатын деп хабарлайды агенттік тілшісі. Осы мәселеге байланысты Қадыров өз сөздерінің контекстен жұлынып, «хайп қуғандар» бұрмалап жеткізді деп жауап берген болатын.

Ads zone