Мемлекет басшысы БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады


Сондай-ақ, Қазақстанның Ресеймен көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қатысты ұстанымын растады.

Сурет Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, оқиғаларды объективті түрде көрсетудің маңыздылығын атап өтті.

«Шетелде және біздің геосаяси төңірегімізде болып жатқан оқиғаларды объективті түрде жариялап көрсету бойынша отандық журналистердің алдында жауапты міндет тұр.   Бұл міндетті сәтті орындау сіздердің қолдарыңыздан келеді. Мысалы, жуырда Ресейде болған оқиғаны жариялап көрсету барысында осылай болды. Азаматтарымыз бұл бүлік әрекетін алаңдаушылықпен қабылдағаны рас. Ол түсінікті. Өйткені Қазақстан мен  Ресей арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр. Біз бірыңғай экономикалық кеңістікте орналасқанбыз. Екі елді мыңдаған гуманитарлық байланыстар мен қатынастар біріктіреді», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Путиннің әрекетін толық қолдайтынын айтып, оны ұлттық көшбасшы деп атады.

«Әу бастан Ресей Федерациясының Президентімен телефон арқылы сөйлескен кезде мен оның конституциялық құрылыс пен заңдылықты сақтауға және нығайтуға бағытталған іс-әрекеттерін толық қолдайтынымды мәлімдедім. Ресей мемлекетінің әлеуеті мен оның ұлттық көшбасшысының тұлғасын ескере отырып, бұған күмән болған жоқ», - деді Тоқаев.

Бұл ретте мемлекет басшылары Ресей Президентінің Қазақстанға биылғы күзде жасайтын сапарын талқылады.

«Ал бүгін осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен Қазақстанның Ресеймен ұзақ мерзімді және тұрақты стратегиялық әріптестік форматындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қатысты ұстанымын растаймын. Мұндай ұстаным халқымыздың мүдделеріне толық жауап беретініне сенімдімін», - деп түйіндеді Тоқаев.

Ads zone