Франция өкілі Тоқаевқа Макронның жолдауын тапсырды


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентінің арнайы өкілі Изабель Дюмонды қабылдады.

Сурет: akorda.kz

Изабель Дюмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа Франция көшбасшысы Эммануэль Макронның жолдауын тапсырғаны хабарланды.

Мемлекет басшысы Изабель Дюмонды қарсы ала отырып, Макронға жолдауы үшін ризашылығын білдіріп, Франция Қазақстанның Еуропалық аймақтағы негізгі саяси және экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

Әңгімелесу барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру тұрғысында екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайту перспективалары талқыланды.

"Өткен жылдың 29 қарашасында Франция президентімен кездесуімізден үлкен әсер алдым. Жеке форматта біз екі сағаттан астам екі жақты қарым-қатынастар мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың ең өзекті мәселелері бойынша, сондай-ақ халықаралық аренада қалыптасып жатқан жағдай туралы әңгімелестік. Франция Қазақстанның жетекші саяси және экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады. Біз сіздердің мемлекетіңізбен ынтымақтастығымызды бағалаймыз, сіздің еліңіздің халықаралық аренадағы рөлін түсінеміз, экономикалық әлеуетін дұрыс бағалаймыз. Сіздің еліңіз Еуропалық Одақтың Қазақстанмен 2008 жылдың маусымында стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойған бірінші мүшесі болды. Биыл біз осы маңызды құжаттың жасалғанына он бес жыл толуын атап өтудеміз. Мен тағы да айтқым келеді "біздің елдеріміз арасында барлық деңгейдегі белсенді және сенімді саяси диалог сақталып отыр"», - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалады. Оның айтуынша, Қазақстан Францияның Орталық Азиядағы жетекші сауда серіктесі болып табылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Эммануэль Макронға ізгі тілегін жеткізіп, Қазақстанға жауап сапары күтіп тұрғанын атап өтті.

"Мұндай сапар экономикалық және саяси ынтымақтастыққа елеулі серпін беретіні сөзсіз. Біздің арамызда жүзеге асыруды қажет ететін көптеген келісімдер бар. Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 170 кәсіпорын жұмыс істейді және олардың француз компанияларының біздің экономикамыздағы қызметіне қолдау көрсетуге мүдделері бар.», - деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Изабель Дюмон Францияның Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді. Ол өз елінің Қазақстандағы саяси реформаларды шын жүректен қолдайтынын айтты. Франция Президентінің Арнайы өкілі әлемдегі қазіргі күрделі геосаяси жағдайдағы Қазақстанның ұстанымын жоғары бағалады.

"Мен сіздерге өзімнің президентімнің сәлемін жеткізгім келеді. Мен оның да сіздің қараша айының соңында Парижде өткен кездесуіңіз туралы өте жақсы естеліктері бар екенін білемін. Сіздің сапарыңыз шынымен де біздің ынтымақтастығымызға жаңа серпін берді. Біз бұл ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік негізінде жалғастырғымыз келеді, бұл біз үшін өте маңызды», - деді Изабель Дюмонт.

Ads zone