Бір тәулікте Қазақстан жолдарында 690-нан астам адам құтқарылды


Ауа райы жағдайының нашарлауына байланысты (бұрын, көрінудің нашарлауы, көктайғақ) 72 жол учаскесі жабылды, оның 40-ы республикалық және 32-сі облыстық маңызы бар, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Жолдардағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық штаб құрылды, мұндай штабтар облыстарда (Абай, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл және Жетісу облыстары) жұмыс істейді.

Бақылау бекеттерінде 1000-нан астам көлік жинақталған.

Ағымдағы тәулікте құтқару бөлімшелері 691 адамды, оның ішінде 137 баланы құтқарып, эвакуациялады, 145 техниканы сүйретіп шығарды.

Тұрғындарды эвакуациялау үшін жолдардың жабық учаскелерінде уақытша жылу пункттері дайындалды, эвакуациялауға арналған техникалар да дайын.

Уақытша жылу орталықтарында 179 адам болса, оның 16-сы балалар.

Тұрғындарды ескерту мақсатында ауа райының нашарлауы туралы 232 СМС хабарлама, «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы 114 хабарлама жіберілді.

Құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және жергілікті атқарушы органдардан барлығы 4 мыңнан астам адам мен 1300 техника жұмылдырылған.

Республикалық жедел-құтқару жасағының күштері Түрген шатқалынан Алматы қаласына дейін 37 техниканы алып жүруде. Жол қызметтері жолды тазарту жұмыстарын жалғастыруда.

Ads zone