Азиядағы ең бай адам Қазақстанға неге қызығатынын айтты


Мемлекет басшысы Adani Group президенті Гаутам Аданиді қабылдады.

2022 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Adani Group басшысы Гаутам Аданимен кездесті. Кездесу барысында ұзақ мерзімді және стратегиялық маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары қарастырылды.

«Қасым-Жомарт Тоқаев үнділік көпұлтты Adani Group конгломератының аймақтағы көлік инфрақұрылымын дамыту жоспарларын құптады. Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік бағыттарын әртараптандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын және Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді дамытып жатқанын атап өтті», - деп жазады Ақорданың баспасөз қызметі.

Өз кезегінде Гаутам Адани Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның Қазақстан тарапымен энергетика, мұнай-химия және жаңартылатын энергия көздері сияқты экономиканың басқа да маңызды секторларында ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін айтты.

Гаутам Адани мен Касым-Жомарт Токаев
СУРЕТ: Ақорда

Adani Group - 1988 жылы Гаутам Адани негізін қалаған және штаб-пәтері Ахмедабадта орналасқан үнділік конгломерат. Құрылтайшысы және иесі Гаутам Адани Forbes нұсқасы бойынша 136 миллиард доллар таза байлығымен Азиядағы ең бай адам және әлемдегі ең бай үшінші адам.

2022 жылдың қарашасында Adani тобының жалпы нарықтық капитализациясы рекордтық 280 миллиард долларға жетті (2015 жылғы 16 миллиард доллардан 17 есе өсті). Adani Group 70-тен астам елде және 23 000-нан астам қызметкері бар жылдық табысы 25 миллиард доллардан асады.

Ads zone