«Азия дауысы» фестивалі Алматыда қайта жандануды жоспарлап отыр


Алматы қаласының әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, «Азия дауысы» және басқа да тарихи қалыптасқан музыкалық фестивальдар мен іс-шараларды жандандыруды жоспарлап отыр.

Әуезов ауданының тұрғындары әкіммен кездесу барысында қаладағы мәдениет пен музыканы ірі шаралар арқылы дамытуды ұсынды.

«Жақында мен Димаш Құдайбергеннің концертіне қатыстым, 30 мыңнан астам адам болды, оның жартысы туристер. Осындай концерттердің жиі өткізіліп тұрғанын қалаймын, осылайша қаланың музыкалық астанаға айналуына мүмкіндік туады – адамдар келеді, жұмыс орындары ашылады. Бізде танымал диджей Иманбек бар, оны да шақыруға болады. Алматыда мәдениет пен музыканы дамытуға мүмкіндік бар», - деді Алматы қаласының тұрғыны әкімге.

Мегаполис басшысы мәслихатта қолдау тапқан Алматыны дамыту бағдарламасында ауқымды жоспарлар бар екенін айтты.

«Жыл сайын адамдар бізге келе алуы үшін кем дегенде 30 тұрақты іс-шара жоспарланған, біз соны пысықтап жатырмыз. Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, «Азия дауысы» және басқа да тарихи қалыптасқан музыкалық фестивальдар мен іс-шараларды жаңғырту жоспарда бар. Димаш Құдайбергеннің айтуы бойынша, бұл Орталық стадионда соңғы 25 жылда алғаш рет жасалған эксперимент және ол өте жақсы өтті. Тау фестивалін Медеуге қайтарғымыз келеді», - деді Ерболат Досаев.

2020 жылы Қазақстандағы музыкалық телевидениенің негізін қалаушылардың бірі, айтулы «Азия дауысы» фестивалінің ұйымдастырушысы әрі тұрақты жетекшісі Мұрат Ирғалиев 63 жасында дүниеден өтті.

«Азия дауысы» — 1990-2005 жылдар аралығында Алматыда жыл сайын өтетін халықаралық музыка фестивалі болған. Осы жылдар ішінде ұйымдастырушылардың шақыруымен байқауға белгілі шетелдік орындаушылар келген: Патрисия Каас, Пупо, Тото Кутуньо, Джимми Саммервилл, Митхун Чакраборти, Сонер Ария, Алла Пугачева, Филипп Киркоров, Валерий Леонтьев, Бони М. , Хэддвэй.

Ads zone