Қазақстан ХҚДБ-дан 345 миллион еуро қарыз алды


Несиені өтеуге 11,5 жыл уақыт кетеді.

Сенат «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

«Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 шілдедегі Жарлығына сәйкес 345,7 миллион еуро сомасына несиелік келісімге 24 тамызда қол қойылды. Қарыз толығымен бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалады», - деді Сенаттың жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.


Оның айтуынша, бұл несие бюджет шығыстарын, оның ішінде мемлекеттің әлеуметтік және басқа да басым мақсаттарына бағытталған жоспарларды қолдауға мүмкіндік береді.

«Несие Қазақстан Республикасына өтеу мерзімі 11,5 жыл, оның ішінде 2,5 жыл жеңілдік кезеңімен беріледі. Біржолғы комиссия – несие сомасының 0,25%, резервтік комиссия – игерілмеген несие сомасы бойынша 0,25%. Тартылатын несиеге қызмет көрсету және қайтару несиелік келісімде белгіленген қаржылық шарттарға сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады», - деп толықтырды министр.

Ads zone