Қазақмыс барлық жерасты кеніштеріндегі жұмысын тоқтатты


Кәсіпорын қызметкерлердің өлімі санының артуына байланысты шұғыл комиссиялық тексеру жүргізу туралы шешім қабылдады.

Сурет: Казахмыс корпорациясы

Дүйсенбі, 27 қарашада Жамбыл облысындағы «Қазақмыс» тобына жататын Жайсаң кенішінде 21 және 42 жастағы екі жұмысшы қаза тапты.

Осыған байланысты топ басшылығы корпорацияның барлық жерасты кеніштеріндегі тау-кен және күрделі жұмыстарды тоқтату туралы шешім қабылдады.

«Шахталарда ішкі төтенше жағдайлар комиссиясының инспекциялары құрылды. Комиссияларды кәсіпорындардың бас инженерлері басқарады. Басталған тексерулер өндірістік бұзушылықтарды, сондай-ақ, еңбекті қорғау және қауіпсіздік саласындағы бұзушылықтарды егжей-тегжейлі анықтауға бағытталған. Кәсіпорындардың жабылуы барлық анықталған бұзушылықтар жойылмайынша жалғасады», - делінген компанияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Тоқтатылған шахталар қызметкерлерінің жалақысы тексерудің барлық кезеңіне толық төленетіні атап өтілді.

«Комиссиялардың жұмысы аяқталып, барлық мән-жайлар анықталғаннан кейін тексеру нәтижелері жұмысшыларға жеткізіледі, сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін одан әрі күшейту шаралары қабылданады», - деп сендірді топ.

Еске салайық, 2023 жылдың 5 қарашасында Шығыс Жезқазған кенішіндегі «Қазақмыс» компаниясына қарасты No57 шахтада 1984 жылы туған тау-кен шебері қайтыс болды.

2023 жылдың 22 қарашасында Жезқазғандағы No2 өңдеу зауытында 1980 жылы туған конвейерші қайтыс болды.

Ads zone