Астанадағы жанжал: көрермендер Нұрлан Сабуровтың концертін тастап шығып кетті


Әйгілі стенд-апшы Нұрлан Сабуровтың концертінде дыбысқа қатысты күрделі техникалық ақаулар орын алды. Салдарынан көрермендер ашуланып, ысқырып, кейбірі тіпті концертті тастап залдан шығып кетті.

Алғашында концертті ұйымдастырушылар мәселені шешуге тырысып, нәтижесінде шоу 1,5 сағатқа кешіктірілді. Соның салдарынан «Барыс-Аренаның» бүйірлік трибуналарындағы көрермендер дауыстың нашарлығынан жаппай наразылық таныта бастады, кейін біреулер әзілкештің сахнаға шығуын күтпей-ақ, концертті мүлдем тастап кетуді ұйғарды.

Әлеуметтік желі қолданушыларының хабарлауынша, ұйымдастырушылар концертке көңілі толмағандарға билет ақшасын қайтарып беруге уәде еткен.

Дегенмен, дыбыстық кедергілерге қарамастан әртіс аудиторияны барынша ренжітпеуге тырысқанын айта кеткен жөн.

«Жаңғырық мазасын алғандардың барлығына трибунаға түсуге рұқсат берілді. Нұрланның өзі дыбыс ұйымдастырушыларына ренішін білдірді. Қанша қиыншылық болса да, бәрі іші ауырғанша күлді. Концерт керемет өтті!», – дейді Жәмилә Жанұзақова.

Ads zone