2024 жылы зейнетақы мен жәрдемақы қалай өзгереді


ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылы зейнетақы мен жәрдемақы өсетінін мәлімдеді.

Сурет ашық дереккөзден

«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерін 7%-ға арттыруды көздейді. Ынтымақты зейнетақы – 9%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға жоғарылайды», - делінген хабарламада.

Бюджеттен төленетін зейнетақының орташа жиынтық мөлшері (Бірыңғай зейнетақы қорынан төленетін төлемдерді есепке алмағанда) 2024 жылы 130 414 теңгені (2023 жылы – 120 838 теңге) құрайды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл бойы базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін жыл сайынғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғарысын 120%-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту жүзеге асырылуда.

Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-дан 65%-ға дейін ұлғайтылады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақыларды арттырудың кейбір мысалдары:

  • 1, 2, 3 бала туғанда төленетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге, 4 және одан да көп бала туғанда 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін өседі;
  • көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері бала санына байланысты 4 балалы отбасыларға 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 балалы отбасыларға 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін өседі;
  • I топтағы мүгедектерге берілетін жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге, II топтағы мүгедектерге төленетін жәрдемақы 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге, III топтағы мүгедектерге 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін көбейтіледі.

Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігін жоғалту бойынша төлемдер 7%-ға өседі. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақылардан басқа төленеді.

Төлемдердің мөлшері жеке болып табылады және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, мүгедектік деңгейі, асырауындағылар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және табысты ауыстыру.

Ads zone